Для сдачи тестов, рубежного контроля, а также закрепления материала используйте браузеры MS Internet Explorer, Mozilla Firefox, Chromium
    Главная страница электронного учебника План урока
    Содержание дисциплины

    Фразеологиялық тіркес. Фразеологиялық бірлік
    Содержание дисциплины

    Есімді сөз тіркестері

    Учебная тема
    Метафора, метонимия, синекдоха

                Метафора (грек metaphora – ауыстыру) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Құбылыстар мен заттардың ұқсастық белгілері негізінде астарлы мағынада қолданылуы.

                Метафораны сөз өнері (поэтика, риторика), эстетика, логика, философия, тіл (стилистика, лексикология, психолингвистика) ғылымдары зерттейді. “Метафора табиғатында жұмбақтылық бар” (Аристотель). Сөз өнерінде метафораның символикалық, эмоционалдық ерекше мәні бар. Абай өлеңдеріндегі “жастықтың оты”, “жүректің көзі”, “дүние есігі” деген Метафоралармен қатар дәстүрлі қолданыстағы метафоралар кездеседі: жан азығы, табиғат-ана, өмір-өзен, өмір сыбағасы, асау толқын, т.б. Ойды әсерлі жеткізу мақсатында метафора қолданылады:

    “Қолына алып шашақты сан мың найза, Жауынгер күн келеді жалаулатып”

    “Қасқа бұлақ, қасыңнан неге кеттім?! Не деген жел айдаған көбелекпін?” (М.Мақатаев).

                Ол мақал-мәтелдер, тұрақты сөз тіркестері, қанатты сөздерде жиі кездеседі. Метафораның кейбір түрлері теңеуге жақындайды. Мысалы, тас жүрек. Бірақ онда теңеудегідей екі нәрсені салыстырудан гөрі сезім, әсер жақындығын көрсету басым. Көбіне ондай екі нәрсенің бірі айтылып, екіншісі емеурінмен білдіріледі.

     “Ақын – жел, есер, гулер жүйрік желдей, Ақын – от, лаулап жанар аспанға өрлей” (Мағжан).

     Мұнда ақынды желмен, отпен жәй ғана салыстырып қоймай, соған балап айту бар. Метафора тілді байытуға қызмет етеді, синонимдерді, көпмағыналықты, терминдік жүйені және эмоциональды-экспрессивті лексиканы дамытады. Мысалы: билік тізгіні, ғасыр перзенті, көңіл көкжиегі, жан айғайы, жер кіндігі, үміт жібі, т.б. Тілдегі қолданыс аясына қарай жеке қолданыстағы метафора және тұрақты метафора болып бөлінеді. Әдебиеттегі ізденістер нәтижесінде “метафоралық роман” деген соны термин қалыптасып келеді.[

                Метафора әрдайым ауыспалы мағынада жұмсалады. Соның өзінде кемінде екі мағына болуы мүмкін. Сонысына байланысты метафора екі түрлі қызмет атқарады: белгілі бір затқа, құбылысқа немесе адамға сипаттама беру және сол заттың, құбылыстың немесе адамның атын атау (номинация). Бірінші жағдайда метафора сөйлем ішінде баяндауыш болады да (Сен қасқыр екенсің), екінші жағдайда бастауыш немесе толықтауыш болады (Қасқыр қайда кеткен? Ол қасқырмен көп байланыса берме). Сөйлеу практикасында қалыптасып қалған аң атаулары ғана (аю, түлкі, қоян, доңыз, қой, ит т. б.) ғана емес, метафора қызметінде адам болмысындағы, қызметіндегі әр алуан жайлар алына береді (бастық, чиновник, ғұлама, әкім т. б.). Мундай жайлар, сөйлеу жағдайында анық байқалып отырады; (Мынауың дайын тұрған ғұлама ғой! - Өзір ғұламалық ертерек шығар, бірақ түбінде болып қалатын да сыңайы бар).

    Метафораның басқа троптарға ұқсас қасиеттері

                Метафораның басқа троптарға ұқсас келетін қасиеттері бар. Мұндайда метафораның анықтамасын және атқаратын троптық қызметін естен шығармаған мақұл. Мысалы, мына көзілдірікке мен көп сене қоймаймын сөйлеміндегі көзілдірік, бір қарағанда, метонимия (бүтіннің бөлшегі) ретінде қабылдануы мүмкін. Соған қарамастан, оның метафоралық қызметін де жоққа шығаруға болмайды. Дәлірек айтқанда, бұл сөзді қолданушы адам бүтіннің бөлшегін емес, көзілдірік киіп алып білгішсінген, ақыл айтқыш, барлығынан хабары бар мақтаншақ кісіні еске салуы мүмкін. Метафораның теңеумен ара қатынасын да білу қажет. Айталық, метафора бір ұғымның орнына екінші ұғым- ды қолдануды қаласа, теңеуде бір зат пен екінші заттың ұқсас жайлары алынады:

    Күннің көзі малшы болып,

     Найзағайы қамшы болып,

     Шартылдады, күркіреді,

     Бес түлік мал дүркіреді (Қ. М.)

    дегенде, тұлғалық жағынан әдеттен тысқары қолданылғанымен, күннің орнына малшы, найзағайдың орнына қамшы жұмсалуға лайық. Ал Жігіттің жүрегі дүрс-дүрс соғып, аттай тулап кетті(Н. Ғ.) сөйлеміндегі аттай немесе ат сөзі жүректің орнына қолданыла алмайды, жүректің тез соғуы мен аттың тулауының арасында, алшақтау болса да аналогия бар.

    Метафоралау түрлері

    Сөздерді метафоралау процесінде үш түрлі жағдайды байқауға болады.

    Бірінші жағдайда сөздің сыртқы белгісі алынады. Мысалы, кілт— есіктің кілті, мәселенің кілті; бастау — бұлақтың бастауы, шығармашылық бастау т. б.

    Екінші жағдайда метафора жасайтын сөздердің семантикасына, ішкі мазмұнына үңілуге тура келеді (түлкі — аң, айлакерлік белгісі; балшық — зат атауы, адам мінезіндегі ынжықтық т. б.).

    Метафоралаудың үшінші түрінде белгілі бір белгілер мен қасиеттердің басқа топтағы заттар мен құбылыстарға тән екендігі белгілі бола тұра, басқа топтағы ұғымдарға сіңісті болып кетеді. Мысалы, ұлиды деп қасқырды айтады, бірақ ақындардың шығармаларында жел ұлиды. Сол сияқты өткір сөзі қатты заттарға қатысты болатын (өткір ұстара), кейінгі кезде өткір мәселе тіркесі қолдынылып жүр.

     

    Метонимия (гр. 'metonymіa' – ауыстыру, қайтадан атау) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Өзара байланысты балама ұғымдарды қолдану, құбылыс орнына оның ерекше қасиетін көрсету. Метафорада ауыспалы, астарлы мағына екі нәрсенің ұқсастығы негізінде туындаса, метонимияда олардың жалғастығы, айрықша белгісі арқылы пайда болады. Мысалы, әйелді – “ақ жаулық”, әскерді – “қол”, бүркітті – “ақиық, мұзбалақ”, қылышты – “наркескен” деп айту метонимияға жатады.

                Метонимия сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатында қолданылады. Мысалы, Абай “Үйі мәз боп қой сойды, Сүйіншіге шапқанға” дегенде сүйінші сұраған жандардың баспанасын емес, адамдарын айтады. Тілімізде мифологиялық метонимиялар да кездеседі: Парнас – поэзия мен музыка мекендейтін тау аты, Пегас – Зевстің қанатты тұлпары, ақындарды рухтандырушы. Метонимия тілге жаңа сөз қоспайды, бұрынғы бар сөзге жаңа мағына үстейді немесе оның қолдану аясын кеңейтеді. Метонимияда әдет-ғұрыпқа, діни ұғымға байланысты сөздер алғашқы атауымен айтылмай, басқа сөздермен ауыстырылады (табу, эвфемизм): Тетелес, Шырайлым, ит-құс, жан тапсырды, қолды болды, т.б. Метонимия заттар мен құбылыстар атауын нақты мағынадағы байланысына қарай алмастырады. Метонимия мен оның бір түрі меңзеудің арақатынасын білу аса маңызды, жалпының орнына жалқыны немесе бөлшегі арқылы бүтінді тану меңзеуге жатса, басқа ауыстырулар метонимия бола алады.

    Метонимия қызметіндегі атаулар мынадай реттерде ауысып отырады:

    1) бір табақ ет жеді (тамақ), сұйықтың орнына ыдыс атауының: табақ (бір табақ жеді);

    2) заттың жасалатын материалының атауы: шыны (шыныға құйды - стаканға құйды, шөлмекке құйды);

    3) тұрғындардың орнына қоныс атауы: ауыл (бүкіл ауыл жиналды - бүкіл ауыл тұрғындары жиналды);

    4) қимылдың орнына қимыл нәтижесінің атауы: аялдама (автобус аялдамаға келді - автобус аялдайтын жерге келді);

    5) қатынасушылардың орнына сол әлеуметтік оқиғалар мен шаралардың атауы: конференция (конференция шешім қабылдады - конференцияға қатынасышулар шешім қабылдады);

    6) ғылым, білім салаларының орнына сол ғылым, білім нысандарының немесе керісінше, ғылым мен білім нысандарының орнына сол ғылым, білім салалары атауларының қолданылуы: синтаксис (біріншіден, бұл грамматиканың бір саласы ретінде жұмсалады; екіншіден, грамматиканың осы саласы зерттейтін нысандардың атауы ретінде де жұмсалады);

    7) әлеуметтік ұйым, мекемелердің мүшелердің орнына сол мекеме, ұйымдардың атаулары пайдаланылады: кеңшар - кеңес шаруашылығы (кеңшар) көктемгі егіске әзір - кеңшар (кеңес шаруашылығы) жұмысшылары көктемгі егіске әзір;

    8) сезімге әсер ететін оқиғаның орнына эмоционалдық сөздің қолданылуы: тамаша (тамаша болды - тамаша концерт болды);

    9) оқиға, шығарманың орнына сол оқиға, шығарманың авторының аталуы: Әуезов, Төлебаев (Әуезовті оқыдым — Әуезов әңгімелерін оқыдым; Төлебаевты тыңдадым — Төлебаевтың операсын тыңдадым), бірақ Әуезов қызық екен немесе Төлебеав мұңды екен сияқты сөйлемдерде метонимияның қызметі жоқ және сөйлем мүлдем басқа мазмұнды баяндап кетеді. Метонимияның эллипсистік түрлері тілімізде жиі кездеседі. Бұлар көп жағдайда ауызекі сөйлеу барысында немесе көркем әдебиеттегі кейіпкерлердің сөздерінде ұшырасып отырады. Сондай-ақ эллипсистік метонимия көрші сөйлемдердің мазмұнынан түсінікті болып отырады: бастың дәрісі - бас аурудың дәрісі. Саған не болды? - Басым (басым ауырып тұр). Ол жүректен (жүрек ауруынан) қиналып жүр т.с.с

    Синекдоха – метонимияға жақын, өйткені синекдоха екі ұғымның іргелестігі арқылы жасалады. Мұның метонимиядан айырмашылығы мынада: метонимияда сандық айырмашылық болмайды, ал синекдохада сандық айырмашылық болады. Егер сан жағынан айырма болмаса, синекдоха болмайды. Синекдохада бір ұғымды екінші ұғымға ауыстырғанда: бірі – үлкен, екіншісі – кіші, бірі – жалпы, екіншісі – жалқы, бірі – бүтін, екіншісі – бөлшек болуы қажет. Әдетте, үлкені кішінің орнына қолданылғанда, мағынасы азаяды да, кішісі үлкенінің орнына қолданылса, мағынасы зораяды, кеңиеді. Мысалы, жүз бас қой, жиырма тұяқ мал, көп қол жұмысты өндіріп жібереді, т.б. Осы сөйлемдердегі бас, тұяқ, қол деген сөздер бір бүтін дененің бір-бір ғана бөлшегі болып тұрған жоқ, сол кішкене бөлшекті білдіретін сөздің мағынасы зорайып, белгілі бір бүтін дененің орнына ауысып қолданылып тұр. Шынында, жануарлардың, оның ішінде осы тіркесте қойдың басы деген бір мүшенің атын білдірмей, бүтін қойдың өзін түгел қамтып, бір бүтін мал деген, яғни қой деген ұғымды білдіріп тұр. Ал тұяқ деген сөз бүтіндей бір мал деген мәнде; қол деген сөз жұмысшының бір мүшесі емес, жұмысшы адам мағынасында айтылып тұр. Сөйтіп, осылар сияқты бөлшектің мағынасын білдіретін сөздер бүтін орнына жұмсалса, синекдоха болады. Ал колхоз бес машина алды дегендегі машина - автомобиль деудің орнына дара мағынада жұмсалып тұр. Қазіргі күнде колхоздың бәрі моторлы (техника) магазиннен кездеме алды (сиса, жібек, торғын т.б.) дегендер синекдоха мағынасының жалпыдан жалқыға қарай ауысқан түрлері. Нағыз синекдоха әдетте келеке, қалжың ретінде жұмсалады. Мысалы, ең шебері – анау мұрт, осының бәрі – мына сақалдың ақылы деген тәрізді сөйлемдер де қолданылады. Әрине, мұндағы сақал, мұрт дегендер адам орнына жұмсалып тұр.

     

    Жалпыхалықтық сөйлеу тілінде мұндай құбылыстар ұшан теңіз. Мәселен, "мал-жаның аман ба?", "үй-ішің қалай?" деген тіркестер малға немесе үй ішіне қатысты ғана емес, отбасындағы жандардың амандығы түгелдей сұралу мақстатында қолданылады. Сондай-ақ елдің бәрі жиылды – "тайлы-тұяғы қалмай келді", қанша балаң бар?, - "қарғаң нешеу?", "мал басы түгел", "бағар көбейсін" секілді сөздер қолданыстарында меңзеу көрініс тапқан. Көркем шығармада меңзеудің алуан түрі кездеседі. "Абайлардай ақын қазақта туа бермейді ғой" деп айту меңзеуге мысал бола алатынын А.Байтұрсынов көрсетеді. Меңзеудің тағы бір түрі "Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек" (Абай ) немесе "Толғауы тоқсан қызыл тіл" деген секілді көптік ұғымды "қырық", "тоқсан" ретінде нақтылы сандармен көрсетуімен ерекшеленеді.

     

    Меңзеу – парақтың төменгі жағында орналасқан және мәтін мен меңзеу белгісі – сан нөмірі, не астерискі арқылы байланысын түсіндіретін немесе анықтама сипатты мәтінінен тұратын (библиографиялық сілтеме, ескерту, тоғыспа меңзеуі) басылым аппаратының элементі.

    Бақылау сұрағы:

    1. Метонимия, метафора, синекхохаға анықтама беріңіз?

    2. Метонимияның жасалу жолы?

    Содержание дисциплины

    Фразеологиялық тіркес. Фразеологиялық бірлік

    Закрепление материала
    Тестирование материала
    Содержание дисциплины

    Есімді сөз тіркестері